Министр 16 млн қазақстандықтың жеке деректерінің тарағаны жөнінде: бұрын ұрланған

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 16,3 млн қазақстандықтың жеке дерегі қолды болғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Оның түсіндіруінше, деректер "бұрын" қолды болған, ал желіге қазір жарияланып отыр.

"Бұл 2024 жылдың 1 мамыр күнгі деректер. Жаңасы болған жоқ. Уақыт өткен сайын олар жүйеге, даркнетке жарияланып жатқанын көріп отырсыздар. Бір жерде аты-жөндер, бір жерде жеке сәйкестендіру нөмірі, бір жерде телефондар. Бірақ олар ашық жарияланған кезде оларды бірден жабамыз" деді Мәдиев. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік дерекқор бұзылмаған. Бұл бұрын қолды болып кеткен деректерге ұқсайды.

16 маусым күні интернет технология, киберқауіпсіздік саласы туралы жазатын securixy_kz telegram-арнасында әлеуметтік желіде 16,3 млн жолға сиятын адамның аты-жөні, туған жылы, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, ұлты, жынысы, азаматтығы, жұмыс орны, телефон нөміріне дейін көрсетілген жеке деректер тарап кеткенін хабарлаған.

"Мекен-жай" деген бағанда стоматология, емхана, салық комитеті, университеттер мен өзге де ұйымдардың жиі кездесетініне қарағанда, бұл деректер көпшілікке ашық я жартылай ашық API-ден, желідегі жеке деректер қоры сақталған сервистерге бұзып кіріп, жаппай алынған болуы мүмкін" деп топшылаған securixy_kz telegram-арнасы.

Ізінше цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі миллиондаған адамның жеке деректері тарағаны жайлы ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлаған.

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) өкілдері бұл бұрын әр жерлерден ұрланып, бір жерге топтастырылған деректерге ұқсайды деп мәлімдеген.

Осыдан бір апта бұрын Қазақстан ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген операция нәтижесінде елде азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып, таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталғанын хабарлаған. Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны анықталған.