Нетаньяху Иранның жоғарғы көшбасшысын өлтіру мүмкіндігін жоққа шығармады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ABC News телеарнасына берген сұхбатында Иранның жоғарғы рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің көзін жоюға әрекет жасалуы мүмкін деген сценарийді жоққа шығармайтынын мәлімдеді . Оның пікірінше, мұндай әрекет "қақтығысты өршітпейді, керісінше, оны тоқтатады".

Нетаньяху бұл сөзін Батыс басылымдарында жарияланған, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысын өлтіру туралы Израильдің жоспарын қабылдамаған деген ақпаратқа байланысты пікір білдіргенде айтты. Басылымдар Трамп ондай жоспар қақтығысты ушықтыруы мүмкін деп қауіптенеді деп жазған еді.

"Иран "мәңгілік соғыс" болғанын қалайды және бізді ядролық соғыстың табалдырығына алып келіп отыр. Іс жүзінде Израиль осы агрессияны тоқтатуға тырысып жатыр және біз мұны тек зұлымдық күштеріне қарсы тұрып қана жасай аламыз", – деді Нетаньяху.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран мен Израиль қақтығысы ушығып тұр. Жүздеген адам қаза тапты. Жағдайдың анық-қанығы

Израильдің расымен де Хаменейге шабуыл жасамақ ниеті бар ма деген сұраққа Нетаньяху "Израиль өзіне қажет нәрсені жасап жатыр" деп жауап берді. Ол Израиль Иранның жетекші ядролық ғалымдарын да нысанаға алғанын айтқан.

Бұған қоса Нетаньяху Иранның ядролық бағдарламасын жоюды көздеген Израильдің әрекеттеріне қолдау көрсету – АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген.

"Бүгін бұл – Тель-Авив. Ал ертең – Нью-Йорк. Тыңдаңызшы, мен "Америка мүддесі – бәрінен жоғары" дегенді түсінемін. Бірақ "Америка өлді" дегенді түсінбеймін. Ал бұл адамдар дәл солай болғанын қалайды. Олар "Америкаға өлім келсін!' деп ұрандатады", – деді Израиль үкіметінің басшысы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Израиль мен Иранды бітімге келуге үндеді

Бұған қоса ол The Wall Street Journal газетінің "Иран соғыс іс-қимылдарын тоқтатып, ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөзді қайта жандандыруға мүдделі екені жайлы араағайындар арқылы белгі беріп отыр" деген хабарын жоққа шығарды.

"Олар осы жалған келіссөздерді жалғастырғысы келеді, сол келіссөздер барысында өтірік сөйлеп, айла-шарғы жасап, АҚШ-ты алдайды. Олар ядролық қару жасауын әрі қарай жалғастырып, қазір біздің халқымызға атып жатқан баллистикалық зымыран қорын кеңейтуді көздейді", – деп мәлімдеді Нетаньяху.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран-Израиль қақтығысы: қаза тапқандар мен жараланғандар көбейіп жатыр