Путин: Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз

Владимир Путин

18 маусымда Петербург халықаралық экономика форумында Ресей басшысы Владимир Путин мұнай экспорттауда Ресейге тәуелді Қазақстанның оны әртараптандыру талпынысы туралы да пікір білдірді.

“Экспортталатын Қазақстан мұнайының негізгі көлемі Ресей арқылы өтеді. Негізгісі. Бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы [тасымалданады]. Басқа жолдар арқылы да тасымалданады. Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың барлығы-дерлік Ресей арқылы өтеді. Бірақ біз Қазақстанның әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз және мұны жеңілдетуге, көмектесуге дайынбыз” деді ол.

Қазақстан мұнайының басым бөлігі ресейлік Каспий құбыр консорциумы арқылы халықаралық нарыққа жол тартады.

Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан билігі балама жолдар, оның ішінде Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры туралы жиі айтатын болған. Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғаны айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.

Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелділікті азайтуға шақырып, аймақта жанжалдар күшейе қалған жағдайда ондай тәуелділіктің зор қауіп-қатер тудыратынын ескерткен.

Сәрсенбі күнгі форум кезінде Путин Қазақстанмен "одақтастық қатынас" қалыптасқанын айтып, Қазақстанды Ресейге ең жақын мемлекеттердің бірі деп атады. Ол екі ел арасындағы тауар айналымы артқанын атап өтіп, "95% ұлттық валютада жүргізілетінін" алға тартты.

Ол сонымен бірге Қазақстанда АЭС салу мәселесін де қозғап "бізде Қазақстан мен Өзбекстанның қатысуымен үшжақты жобалар көп. Атом энергетика саласында ірі жобалар пайда болуы мүмкін" деді.

Жуырда Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттік елде алғашқы АЭС салу бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып ресейлік "Росатом" танылды деп мәлімдеген. Онсыз да экономикалық жағынан Ресейге тәуелді Қазақстанда бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген. Кейбір энергетика сарапшылары "АЭС Қазақстанды Ресейге байлап қояды", "ол қысым құралы болуы мүмкін" деген де қауіп айтқан. Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.