Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қорғаныс министрлігінің талапкерлерге қатысты әрекетін заңды деп санайды. Оның сөзінше, оқуға қарағанда әскерге ертерек шақырады, сондықтан университетке түскен талапкерлерді әскерге алып кетіп жатыр.
“Назарбаев университетінің бір студентін әскери комиссариат әскерге алып кеткен. Негізі бұл жерде заң сақталған. Бірақ бізде жоғары оқу орындарына қабылдау мерзімі мен қорғаныс министрлігінің әскери шақыру мерзімі сәйкес келмейді. Назарбаев университетінде [оқуға қабылданғаны жөнінде] шешімді шілде-тамыз айларында жариялайды. Оған дейін [қорғаныс министрлігінің] студент статусына іленбегендерді алып кетуге құқылы” деді Саясат Нұрбек.
Ол қорғаныс министрлігіне мерзімді сәйкестендіру жөнінде ұсыныс бергенін айтты.
Бұған дейін елде Назарбаев университетіне түсуге оқталған бір талапкерді әскерге алып кеткен еді. Ол дайындық курсынан өтіп, жарнасын төлеп, оқу орнынан ресми түрде шақыру алған. Бірақ оны туыстарының сөзінше, ешқандай шақырусыз, ескертусіз әскерге алып кеткен.
Қазақстанда әскерге күштеп әкету жиіледі. Бұған дейін кейбір жерде әскери комиссариат азаматтарды бөлімшеге күштеп әкеткен видеолар тараған. Тіпті оқуда жүрген, әскери борышы заңды жолмен кейінге шегерілгендер де сол ұсталғандардың қатарынан табылған. Бұған дейін заңгер Жандос Мақсатұлы Азаттыққа берген сұхбатында "көшеден ұстап, сүйреп алып кету, көлікке күштеп салу - мұның бәрі заңсыз" екенін айтқан.